Created: 19 Ақпан 2021
41

Ұстаз атын ұлықтайық!

Биыл қазақтың аса көрнекті педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, алғашқы  ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл.  Ол қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. Қаламызда ұстаз есімін дәріптеп, сөзін ту етіп, білім жолында жаңашылдықтан қалыс қалмаған білім ошақтары жетерлік. Солардың қатарында №19 мектеп-лицейі бар. Осы мектепке дала жұлдызының есімі беріліп, ауласына ескерткіш мүсіні орнатылса нұр үстіне нұр болар еді. Мұнда ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиелеудегі ісін насихаттау әрі келешек ұрпақ біле жүрсін деген мақсат жатыр. 

Өзім кеншілер шаһарының тұрғыны болғандықтан, бала-шағам осы қалада өсіп-өнгендіктен, қаламыздың, қала берді мәдени-білім ошақтарының, денсаулық сақтау саласының дамуына бей-жай қарай алмаймын. Ел ағасы және халық жанашыры ретінде болашағына ерекше көңіл бөліп, жақсы жаңалықтарды назардан тыс қалдырмаймын. Осы ретте тағы бір ой мазалап, қолыма қалам алдырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында туған жерге, елге өлшеусіз еңбек сіңірген дарынды тұлғалардың өмір жолын дәріптеудің маңызы зор екенін атап айтты. Биыл алғашқы ұстаздың есімін ұлықтау мақсатында игі істер атқарылатыны баршаға аян. Тіпті, кейбір өңірлер бұл жұмысты өткен жылы бастап та кетті. Жалпыұлттық республикалық газет «Егемен Қазақстан» өткен жылғы 5 қарашадағы №212 нөмірінде Нұрқанат Құлабайдың «Ыбырай Алтынсарин ескерткіші ашылды» мақаласын жариялады. Журналистке берген сұхбатында  Қостанай облысының әкімі елімізде Ыбырай Алтынсарин атындағы 50-ден астам мектеп бар екендігін айтты. Туған өңірі Қостанай облысының өзінде Арқалық педагогикалық институты, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдердің облыстық кітапханасы, мемориалдық музей, бір аудан, 5-6 көше  алғашқы ұстаз есімімен аталады. Олай болса, біздің де игі істі қолға алатын уақытымыз келді. Оны не себеп? Қаламызда қазақтың ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға есімімен аталатын бірде-бір оқу орны жоқ екен. Көпшілік көкейінде «№19 мектеп-лицейі онсыз да Ыбырай есімімен аталады емес пе?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Зерттей келе мына жәйтті анықтадым. Осыдан жиырма жыл бұрын мектепке ұлы тұлғаның есімін беру мәселесі қолға алынып, біраз жұмыс атқарылса керек. Бірақ бастама аяқталмай, орта жолда қалған сыңайлы. Енді сол істі соңына дейін жеткізетін кез келді. Бір ел болып, бір мүдделі іс атқарсақ, жас ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болмақ. Енді «Ағартушының есімін басқа мектепке неге бермеске?» деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Бірінші, біз о бастағы идеяны жүзеге асырамыз. Екінші, ұлы ағартушының өмірбаянын, жүріп өткен жолын, қызметін баяндайтын, рухани, тарихи-танымдық мәні зор «Ыбырай Алтынсарин залы» осы оқу орнында ғана бар. Үшінші, білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген жас Ыбырайдың өмірлік кредосын осы мектептің оқушылары ұстанымына айналдырған. Мінез-құлқы жағынан қарапайымдылығын, еңбексүйгіштігін, көп оқығандығын, өзге халықтардың ғылымын неғұрлым көбірек біле түссем деген арманын,  алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынған қасиетін  бойына сіңірген осы мектептің қаншама түлегі бүгінде елімізде адал қызмет етуде. Алғашқы ұстаз салған сара жолды абыроймен жалғастырып, жас ұрпақтың заманға сай білім алып, болашақта ел үшін еселі еңбек ететін саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосқан педагоктар қауымының Ы.Алтынсарин атындағы білім ошағында қызмет етуі өте орынды деп есептеймін.  

Тұңғыш қазақ педагогы екі түрлі ірі мəселені алдына басты мақсат етіп қойды: біріншісі — мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы; екіншісі — халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тəрбиелік істері. Осы екі мақсатты орындау жолында мейлінше қиын жағдайда жұмыс істеді. Талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Келешекке деген сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса да, болашақта жастар орындайды деп білді. Сондықтан көрнекті ақын, жаңашыл жазушы, балалар әдебиетінің атасы  Ыбырай Алтынсариннің аты ешқашан өшпеуі тиіс.  

 

Әбутәлі Еңсебаев, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.