Балалардың дұрыс тамақтануы олардың денсаулығын нығайтып, дене дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мидың дамуына, ойлау қабілетінің жақсаруына және жүйке жүйесіне жақсы ықпал етеді. Яғни баланың сабақ үлгерімі жақсы болуына дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Егер бала құнарлы тамақтанбаса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейді.
Тәулігіне бір, екі рет қана тамақтану дұрыс емес, белгілі бір мөлшерде үш-төрт рет тамақтану керек. Сонымен қатар, тәуліктік ас мәзірі әртүрлі болғаны дұрыс. Әсіресе, организмге жануар белоктарының маңызы зор. Жануар белогы жалпы белок мөлшерінен 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Жануар белогы жетіспесе, балалардың жұмысқа қабілеті төмендеп, тез шаршап, оқу үлгерімі нашарлайды. Тәуліктік рационда картоптан бөлек түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің жалпы мөлшері 400 грамм болуы керек. Күн сайын сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері 500 миллилитрге жуық болуы қажет. Сонымен қатар бала апта бойы жарма түрлері мен ет, балық, жұмыртқаның қажетті мөлшерін қабылдауы тиіс.
Жасөспірімдердің тамақ нәрлілігі мен құрамы талапқа сай болуы керек.Мектепте оқушыларға міндетті түрде ыстық тамақ берілу қажет. Жоғары сынып оқушылары мектепте 5-6 сағаттан, егер үйірме, секцияларға және басқа қосымша сабақтарға қалатын болса, одан да көп уақыт болады. Сөйтіп, ертеңгілік тамақ пен түскі астың арасындағы үзіліс 7 сағатқа, тіпті одан да көпке созылып кетуі мүмкін. Бутерброд, бәліш, тәтті тағамдар ыстық асқа деген ағзаның қажеттілігін өтей алмайды. Құрғақтай тамақ жеу зиян. Мектепте дұрыс ұйымдастырылған тамақтану оқушының үлгерімі мен жұмыс қабілетінің артуына жәрдемдеседі.
Мектебімізде осы тұрғыда балалардың денсаулығын нығайту, дұрыс тамақтануды жолға қою барысында жұмыстар жүргізіліп, комиссия мүшелері түзіліп, тексеріс өткізіледі. Ата-аналар комитеті, медбибі, әлеуметтік педагог, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары біріге отырып, асхананың санитариялық жағдайын тексеріп, кемшіліктері айтылады.
https://satp-schlyceum19.edu.kz/kz/2021-02-19-04-48-38/268-mektep-askhanasynda-y-tekseris#sigFreeId7c459ef8f7



